Тәрбие сағаттары

Сабақтың тақырыбы: «Жыл басы- Наурыз»  

 Мақсаты: 1) аталған мейрамның пайда болу тарихымен, қазақ халқының  салт- дәстүрімен таныстыру, әдеп-ғұрпын, мәдениетін  түсіндіру;

2) ерте кезден келе жатқан халық дәстүрін, әдеп-ғұрпын жалғастыруға баулу;

3) оқушылардың танымдық қаблеттерін дамыта отырып, психологиялық іс-әрекеті арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Көрнекілігі : суретті плакат, нақыл сөздер, алтыбақан, компьютердегі арнайы жазылған слайдтар, жартылай тігілген киіз үйде ұлттық ыдыс-аяқтар, түскиіз, қамшы, қасқырдаң терісі, көрпешелер т.б.

                                    Барысы.

       Кіріспе. Наурыз шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептеледі. Самарқанның көк тасы жібитін көктемнің шуақты шағымен тұспа – тұс келетін мерейлік мереке.Ұлыстың ұлы күнінде алты ай қыс ақ шапанын айқара жамылып жатқан сайын далада алғашқы бәйшешек бүр жарып, көңіл көлін көктем самалы әлдилейді. Бұл күні Қызыр ата  әр шаңырақтың табал-дырығын аттап, тәуелсіз елдің әр отбасына береке – бірлік, таусылмас ырыс, шуақ шашқан шапағат пен қуатты денсаулық тілеп мінажат етері даусыз. Наурыз уыздай ұйыған тыныштық пен береке бірліктің бастау бұлағы тәрізді. Қазақстан егеменді ел болғаннан бері халқымыздың рухани дәстүрімен ерекше орын алған осы төл мереке ерекше маңызға  ие болып айрықша аталып өтіледі. Осы көне мереке көктемнің келгенін, табиғаттың оянғанын білдіртіп, Жаңа жылдың басы ретінде туған  Отанымыздағы барлық ұлттар мен ұлыстардың ықыласын біріктіріп, түрлі ұлттық салт- дәстүрлер, туысқандық пен бір-біріне деген құрметті білдіреді. Наурыз әр үйге ізгі  тілекпен келеді, оны Отанымыздың  барлық халқы мерекелейді.

 

  1-оқушы: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

                     Босқа қарап тұрмаңыздар.

                     Наурыз тойы басталды.

                     Көрген де    арманда, көрмеген де арманда.

                     Қызықтан тыс  қалмаңыздар!

2-оқушы:  Көктем жетті көл-көсір шуақ құрып,

                   Қыс барады қиылып жылып тұрып.

                   Шатырында үйлердің  Наурыз жүр ,

                   Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.

                   Наурыз қайта оралды аты да аңыз .

                   Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз

                   Үй- дастархан, даламыз- сахнамыз ,

                   Ұлы мейрам Наурызға шақырамыз!

3-оқушы: Ежелгі шығыс елінің

                  Аңсаған арман, ойы бар.

                  Тарқайтын жері шерінің

                  Дәстүрлі Наурыз тойы бар.

                  Кеңінен елге тараған,

                  Негізі ерте  қаланған.

                  Еңбек, шаттық жыл басы

                  Наурыздан  басталған.

4- оқушы: Ата-салтын бабамның

                   Алып келді Ұлыс күн.

                   Бір анадан туғандай,

                   Бір ұядан ұшқандай,

                   Бір аспанның астында,

                   Бір дастархан басында

                   Береке- бірлік болсын деп,

                   Көп көжеден дәм татып,

                   Күшейтейік бірлікті.

5-оқушы: Салт-дәстүрмен жараса

                   Қайта құрып жаңаша,

                   Жарыса өнер көрсетіп,

                  Той тойлайық тамаша!

6-оқушы: Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

                   Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

                   Жарығымен, шуағымен Күн-ана

                  Алып келді жер бетіне гүл көктем.

7-оқушы: Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,

                   Мейірім танысын деп тасып өткен.

                   Наурыз сән-салтанат, ұлттық рух,

                   Бақытты наурызы бар халқым неткен!

                   Халықтың пейілінен жаралғандай,

                   Сұлу күн шуағынан  таралғандай,

                   Ел мен жер елжірескен, қуанысқан,

                   Наурызда ажар қандай, арай қандай!

8-оқушы: Күн мен түн теңелді,

                  Жер шуаққа кенелді.

                  Соны тойлар ел енді.

                  Наурыз тойы салтымыз,

                  Көгерсін деп халқымыз

                  Көшеге тал егеді.

Көрініс.

Сәулесі мол күнмін, жұлдызы көп түнмін, енді біздер бірдей боп, теңелеміз бүгін. Ал ертең күн ұзақ, түн қысқарар бірақ, ұйқы қанбай қалып, жүрмеңдер  тек шулап.

                          Қош келдің, Наурызым ардақты,

                          Халқым саған бар үмітті арнапты.

                          Жыл осындай  келе берсін  жасарып.

                          Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

Хормен: Қош келдің, Жаңа жыл.

                Төрден орын ала біл.

(Жаңа жыл кейпіндегі киінген оқушы төрге шығарылып,тілегі тыңдалады.)

Ән: «Наурыз , сөзі: М.Мақатаевтікі.

Жүргізуші: Міне Наурыз да келді. Осы Наурызға байланысты не білер екенбіз? Соны ортаға салайық .

(Компьютерден Наурызда орындалатын салт-дәстүрлерді көрсету.)

 Наурыз төл- наурыз айында туылған малдың баласы.

 Наурыз көк- Жер – ана бусанып қар еріп, жер көктеп алғаш шыққан шөп. Мал өріске шығып, елдің арқа басы кеңейетін кез.

Наурыз есім  – наурыз айында, не наурыз тойында туылған нәрестеге қойылатын есім.

Наурыз көже – жеті түрлі дәмнен жасылып, қатық қатылатын, наурыз айында дайындалатын құдайы көже.

9-оқушы: Наурыз сөзі  парсы тілінен енген. «Нау» «жаңа», «руз» «күн» деген ұғымды білдіреді. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21-наурыз күні түнгі сағат үште даланы Қыдыр ата аралайды. Сол себепті осы түнді «Қыдыр түні» деп атады. Ол түні жалғыз сәуле шырақ болмас деп  төрге қос шырақ жағып қояды. Наурыз күннің бір ерекшелігі: бұл күн көрісуден басталады. Ыдыс атауларын «ырысқа» деп жеті түрлі  тағамға толтырып қояды.

10-оқушы: Бізге ақ батасын, ақ тілегін беремін деп Қыдыр ата ортамызға келіп тұр.

(Қыдыр ата кейпінде оқушы келеді)

-         Армысыз, Ата!

-         Армысыңдар, балалар!

 « Батаменен ел көгерер,

Жаңбырменен жер көгерер» демекші:

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң

Ақ тілекті төгейін.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын.

Ұлыс береке берсін,

Бәле –жала жерге енсін .

Ұлы халқым тоқ болсын,

Көйлектерің көк болсын,

Қуаныштарың көп болсын !

Әумин !

11 оқушы: Туған соң адам боп,

                Білімсізден  жаман жоқ.

                Ел дәстүрін білмесең,

                Жұрт айтады надан деп.

                Кең даланың ежелгі

                Қазақ дейтін халқымыз,

                  Өзге ұлттай біздің де

                  Бар дәстүр мен салтымыз.

Ұлыстың тойына кілең сайдың тасындай өнерпаз жастар жиналған екенбіз. Ендеше осы жастар неге алтыбақан аясында ән айтып, би билемеске .

12-оқушы: Алтыбақан аясында ән айтып, би билеу өте ғажап қой.

13-оқушы: Жанарғаны сананың ,

                    Ұмытады мұны кім ?

                    Ата- салты бабамның

                   Салт-дәстүрің жарасса,

                    Жарыс өнер көрсетіп,

                    Той тойлайық тамаша!

Ән; «Қамажай» .

14- оқушы: Наурыз тойы – береке.

                     Наурыз тойы – жыр, аңыз.

                     Қызық даулы мереке,

                     Қызық думан құрамыз.

                     Наурыз – шаттық әніміз,

                     Салтанатты сәніміз.

                     Ән салып жастарымыз,

                     Би билейік бәріміз.

                     Елдің көңілін шалқытқан

                     Бас иеміз – Наурыз!

 Ендеше айтыссыз алтыбақанның сәні бола ма?

(Айтыскерлер ортаға шығады.)

Жүргізуші: Жез таңдай, күміс көмей ақындарсыз қазақтың қай тойы өтіп еді?! Біздер тойымызға ақындарды шақырғанбыз.

 1-айтыскер: Мінгені сылқымдардың берен екен,

                        Өнері талаптының  өлең екен.

                        Сұрайын қайыруын айтып берші,

                         Бірінші жылға кірген немене екен?

2-айтыскер : Дүние ойлап тұрсам дұшпан екен,

                       Өмірде күнәліні қысқан екен.

                       Айтайын сұрағыңа анық жауап,

                       Бірінші жылға кірген тышқан екен.

1-айтыскер: Бәйгеден келсе жүйрік жарар еді,

                      Сүзілтіп жал- құйрығын таарар еді.

                      Жыл атын өткен жылғы айтып берсең,

                      Көкейге қонып өшпей қалар еді.

2- айтыскер: Қонғаны ауылымның ой болады,

                        Мереке жылда осындай той болады.

                        Түйіп ал көкейіңе  ұмытпастай,

                         Жыл аты өткен жылғы  тышқан болар.

1-айтыскер: Ауылым қыстап отыр ойқораны,

                        Мереке күнде осындай той болады.

                       Биылғы жылдың атын айтып берші,

                       Білгеннен соң тағы да ой толады.

2-айтыскер: Адамға құдай берер несібені,

                       Мына дос қалай-қалай көсіледі.

                       Біліп ал, мен айтайын мұның жайын,

                       Биылғы кірген жылың сиыр болар.

Екеуі бірге : Өлең-жыр көп шырқалады қосыменен,

                       Айтысты аяқталық осыменен.

                        Сау болып тұрыңыздар, апайларым,

                        Сәби де жетіледі досыменен.

15-оқушы: Өлең өрлеп, жыр самғай,

                     Үйлесті әсем сәніміз.

                      Болады екен жыл сондай-

                      Қандай болса Наурыз!

                      Жан қалмасын жай тұрған,

                      Мәз болсын жас-кәріміз.

                      Күй шертілсін, ән айтылып,

                      Би билейік бәріміз.

16-оқушы: Күн ғой бүгін жарылған

                    Ақ түйенің қарыны.

                    Ақ дастархан жайылған,

                    Лаулап ошақ жалыны.

                    Қуантамыз құрбыны,

                    Бақыт тілеп қол ал да.

                    Не тілесең бұл күні,

                    Орындалар сол алда.

«Жігіттерге өсиет» термесі оқылады.

17-оқушы: Кіршіксіз көгілдір көгіміз,

                     Гүлдері құлпырған жеріміз.

                     Армысың, Наурыз, аңсаған,

                     Қуанып қарсы алдық сені біз!

18-оқушы: Наурыз құтты болсын,

                    Дендеріңіз сау, мықты болсын,

                    Наурыз тойы келе берсін,

                    Барлық халық бақытқа кенелсін!

                    Еліміздің несібесі көп болсын,

                    Қош, сау болыңыздар, халайық,

                    Көріскенше күн жарық болсын!

Мұғалім: Сабақты қорыту мақсатында Наурыз туралы не білгендеріңді сұрап талдың макетін құрастырамыз.

Келген қонақтарға көктемгі жеміс ағашының  гүлдері табыс екіледі. Сол гүлдерге қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін жазады, оны оқи отырып, талға іледі. Кеш соңында арнайы бөлінген жерлерге ағаш отырғызылады.

  

Сабақтың тақырыбы: «Ақ орда»

Мақсаты: оқушылардың достық, киіз үй туралы білімдерін толықтыру, бірлікке, ынтымаққа , өз Отанын сүюге, қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі : эпиграф, әр ұлттың киімі , слайдтар.

                                           Барысы:

Эпиграф: Жол жолмен табысады , халық халқпен табысады.

    Саусақтар бірікпейінше, инені ұстай алмайсың.

    Алтау араз болса- ауыздағы кетеді,

    Төртеу тату болса – төбедегі келеді.

                          Көрініс .

   Қобыздың зарлы үні, қараңғы бөлме. Ақырын басып бір қарт шығып , орындыққа келіп отырады. Осы кезде немересі шығады .

Немересі : Ата, не ойлап отырсың ?

Ата: Ә, балам, атаң не ойламайды дейсің ? Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын, қуанамын!

Немересі : Ата, «өткен өмір» деген не ?

Ата: Ә, балам, «өткен өмір» деген сонау ата- бабаларымыздың ерте кезден бері өткен өмір жолы,тарихы.

Немересі: Ал ол қандай болған ?

Атасы: Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін.

(Қарт ойланып алысқа қарап кетеді).Сонау ерте кезде  біздің ата- бабаларымың 29 қазақ руының басын қосып, Жәңгірді хан сайлапты.Сөйтіп ол өлер шағында ұрпақтарына мынадай аманат  қалдырған  екен.Әне ,қара, балам!

      Сахна алдына Жәңгір хан шығады. Екі жағында екі нөкері болады.

Жәңгір хан : Әй, балам, бері кел! Анау тұрған жебені әпреші (бала келеді). Мә, сындыр.

     Біреуін сындырады. Екеуін береді, сындырады. Ұшеуін зорға дегенде сындырады. Төртеуін сындырады , бесеу бергенде сындыра алмайды.

Жәңгір хан : Не ұқтың , балам?

Бала: Бір жебе жалғыз – оңай сындырдым.Екеуін де сындырдым. Бесеуін сындыра алмадым.

Жәңгір хан : Иә, сонымен не айтарсың ?

Бала: Ол бірігіп өмір сүріңдер деген өсиетіңіз шығар.

Жәңгір хан : Иә, балам дұрыс айтасың .

Бірлік түбі – береке,

Береке түбі – мереке .

Ақ білектің  күшімен ,

Ақ найзаның ұшымен

Ел болуды ұстаңдар.

Қобыз үнімен шығарып салады.

1-    жүргізуші : Қайырлы кеш, құрметті қонақтар мен балдәурендіктер!

2-    жүргізуші : Ардақтап анасын , құрметтеп данасын,

Бауырға басқанбыз баршаның баласын.

Татулық, достықтың киелі бесігі –

Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы.

 

1-    жүргізуші: Иә, қандай тамаша аңыз. Осы аңыздың мағынасы, мәні терең екен. Қазақ халқының  адамгершілігі, қонақжайлығы, мейірімділігі туралы  дұрыс айтылған .

Күй: «Сарыарқа».

Бір шаңырақ астында қазақ ұлтымен бірге басқа да 130-дай ұлт өкілдері тұрады. «Жақсыда жаттық жоқ» деп санаған дана халқымыз өзіне қастық қылмай, достық пейілімен орналасқан  кез келген ұлт өкілдерін төбесіне көтерген. Осы адал ниетіміздің арқасында туған елімізде  ұлтаралық келісім бұлжымаған күйі берік сақталып келеді.

 1-оқушы: Ақпыз, қара, сарымыз,

 Ағайынбыз бәріміз.

Ортақ болсын  асқар тау,

Жеміс толы бақша- бау.

Болсың жер мен су ортақ,

Болсын бізге ну ортақ,

Ақпыз, қара, сарымыз,

Ағайынбыз бәріміз.

 

2-    жүргізуші: Киіз үй – қазақтың жорыққа арналған жиналмалы үйі. Оны бар-жоғы бір сағат шамасында тігіп- жығады, тігуге бүкіл отбасы қатысады. Киіз үй ескіріп, жарамсыз болған жағыдайда оның барлық бөліктері ауыстырылып, жаңартылғанымен, шаңырақ сол күйінде  қалады.Киіз үйдің күнделікті тұрмыста жайлы баспана,  құтты қоныс болуға негізделген басты міндетімен қатар адамдардың саушылықта, молшылықта, береке-бірлікте өмір сүруін қамтамасыз ететін рәміздік  жақтары да  белгілі.

Киіз үйдің құрамдас бөліктері

1.     Шаңырақ (күмбезделген дөңгелек төбе)

2.     Уық (шаңырақты көтеріп тұратын күмбез салдаулары).

3.     Кереге (торкөзделген жайылмалы ағаш негіз)

4.     Есік (ағаштан жасаған ашпа)

2-оқушы: Жасалған мың қой жүнінен ,

Сап түзді екі жүз мекен.

Берік те әсемдігімен

Тал қаңқа қолайлы екен.

Теріскей мөлдір көк аспан,

Сарбаздар киіз үй тікті,

Мұнартқан көрініс, сол аспан,

Түстіктен міне көп шықты.

Қабырғасыз , бұрыш жоқ.

Жып- жылы жинақы .

Жаңбырдан өті құрыш боп,

Шайқалмай желге тұрады.

Даладан , таудан, қиядан,

Киіз үй келді аулама.

Сәулесінде айдың сылаңдап,

Қыста да тұрады ауламда.

1-жүргізуші: Қазақстандағы ұлт  өкілдері бір- біріне көмектасіп, өзара тату, ынтымақты тұрады. Мұнда ұлтана, нәсіліне қарамай барлық халық өкілдері бір- бірімен туысқандай болып кеткен.Қазақстанның шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға  барлық ұлт өкілдері белсене қатысып, бірлесе еңбек етіп келеді .

2-жүргізуші : Бірлігі мен ынтымағы халықтың,

Көгімізде жарқырайды жарық күн.

Ырыс, дәулет, бақыты үшін халықтың

Жайнай берсін ,  жайнай берсін жарық күн.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                    « Қыз Жібек»  жырына – 500 жыл

Мақсаты: білімділік – жырдың мазмұнын игереді, жырдың кейіпкерлігі жайлы өз ой тұжырымдарын жасайды, жырдағы салт-дәстүрлерді атап көрсетеді, опера және  кино фильм жайлы мағылұматтар алады;

дамытушылық – топтық, ұжымдық  зерттеу жұмыстарын жүргізеді, өз ойлары мен  пікірлерін ұсынады, оны қорғайды;

тәрбиелік – ұлттық құндылықтарды құрметтейді, адамгершілік қасиеттер мен   шынайы сезімдерді жоғары бағалайды , тілдің үш тұғырлылығын ұстанады.

Көрнекілігі : кітап көрмесі, оқушылар шығармашылғынан суреттер мен қолөнер бұйымдары көрмесі , электронды оқулық пен слайдтар, «Қыз Жібек» кинофильмі.

                               Барысы.

Мұғалім: Кітап!

Ақылдың сонбейтұғын шамшырағы.

Білімнің сарқылмайтын бал бұлағы ,

Ашқанда өткен күнмен  беттеріңді

Келер күн  көз алдыма кеп тұрады.

Кітап!

Сөйлесіп  өзіңменен тіл қатады,

Еріксіз сөзін жұртқа тыңдатады.

Жеткізіп өткендердің өсиетін,

Шешіліп кейде достай сырласады.

Құрметті қонақтар, ұстаздар және құрбы – құрдастар!

2-сәуір- Халықаралық балалар кітабы күні.

 23-сәуір – Дүниежүзілік  кітап күні.

25- сәуір – Мектебіміздің дәстүрлі оқырмандар күніне қош келіпсіздер!

Кітап оқу – ол бізді басқа адамдардың өмірімен  таныстырады. Олардың сезімдерін , ойларын, талап- талпыныстарын түсінуге  көмектеседі. Айналадағыны салыстыруға, байыбына баруға  және оны қайта өзгертуге  мүмкіндік береді.

1-жүргізуші: Атыңнан айналайын қазақ деген ,

Қазағымның жырларын ғажап дер ем.

Қыз Жібектей қыздары ару болса,

Төлегендей ұлдары батыр дер ем.

2-жүргізуші : Лиро- эпостық  жырлары қазақтың,

Үйлесімді, тартымды ғажап шын.

Жырларын халқымның  есте сақтаймыз,

Ой  бөлісіп, сіздерменен талдаймыз.

Мұғалім: Бүгінгі оқу күніміздің тақырыбы: «Қыз Жібек» жыры.

Біз неліктен бұл жырды таңдап алдық?

«Қыз Жібек» жыры – қазақтың  көне мұраларының  бірі лиро-эпостық дастандарының  ішіндегі  көркемі.Аса  үздік халық мұрасының 500 жылдығы  ЮНЕСКО  көлемінде , әлемдік деңгейде  аталып өтілуі де  қазақ халқының  мәдениеті  мен әдебиетінің озықтығын, мереиінің  асқақтығын  төрткүл дүниенің мойындағанының белгісі . Қилы замандар  бір-бірін ауыстырып, уақыт ағымының  сан бағытқа тартуы мен әр нәрсенің мәні тозып, тарих қатпарларының арасында жоғалып жатқанда, ғасырдан ғасырға ауызша жетіп, халықтың  сүйікті шығармасына айналған көне жыр неге  ескірмеді, неге ұмытылып қалмады?

       «Қыз Жібек» жыры – кестелі тілімен, жанды толқытар тебіреністі оқиғасымен қазақтың  рухани өмірінде мызғымастай орныққан беделді туынды. 1876 жылы Қазан қаласында тұңғыш рет кітап болып басылып шыққан. 1903-1311 жылдар аралығында Жүсіпқожа Шахисламұлы  жырды өзінше өңдеп, бірнеше рет  бастырып шығарған. 1925 жылы қазақтың ауыз әдебиетін  жинаушы Әбубәкір Диваев Ташкентте бастырған. 1933 жылы Қызылордада , 1939 жылы Алматыда «Батырлар жыры» жинағында басылған . Жырдың әр түрлі  нұсқалары болғанымен айтарлықтай өзгешеліктер жоқ. Бахытжан Қанапияновтың  орыс тіліндегі аудармасы 1988 жылы  кітап болып басылып шықты.

1-жүргізуші: Халқымның көркі – жыр өнері ,

Сөз өнері  қалмақ артында.

Дүниенің  өшпес шырағы

Өрімдей жастары тұрғанда.

3-    жүргізуші: Ортамызда осы жырды оқып танысқан 3-9 – сынып оқушылары келіп отыр. Сөз кезегін  достарымызға берейік.

                      Мағынаны таныту

Жырға төмендегі жоспар бойынша талдау жүргізу

1.     Жырдың басталуы

2.     Жырдың дамуы

3.     Жырдың шиеленісуі

4.     Шарықтау шегі

5.     Жырдың шешімі.

1-жүргізуші: Бой билеп, шарықтап ой, нәзік сезім ,

Кітапқа « Алғыс айтып» жалғыз өзім.

Сенемін  өзіме- өзім сол уақытта

Қадаймын келешекке үміт көзін, - демекші осы жырдан үзінділерге зер салайық.

Мәнерлеп оқу (қазақ және орыс тілінде)

1.     Қыз Жібектің келбеті

2.     Төлегеннің  інісімен қоштасуы

3.     Төлегеннің  алты қазбен қоштасуы.

                              Топпен  жұмыс

1-    топ. Ер Төлегеннің келбетін суретте. (топтастыру)

2-    топ. Төлеген армандаған Жібек қандай? (эссе жазу)

3-    топ. Жібектің  Сансызбайға қосылуына қалай қарайсыз? Оның түпкі  тамыры неде деп  ойлайсыңдар ? ( дискуссялық картамен жұмыс).

1-жүргізуші: Кітап оқу дегеніміз- басқа адамдардың  ойларының  көмегімен өзіндік ойларды  тудыру.

2-жүргізуші: Тарихына таусылмайтын  жырлардың,

Тереңіне оймен ғана жүгірдім.

Қиялыма , арманыма ерік беріп,

Зерттедім де көп ұғындым ,- демекші келесі кезекте жырды оқып болғаннан кейін туындаған ойларын жазған оқушыларымызды ортаға шақырамыз.Оқушылар шығармашылығынан мәнерлеп оқу.

Менің сүйікті кейіпкерлерім (эсселер оқу)

Жырды оқып толғанамын ( Өлеңдерін оқу)

1-жүргізуші: Бар қазаққа аты аңыз.

Әбілхандай боламыз.

Қыз Жібектің күймесін

Бейнелеген атамыз.

2-жүргізуші: Сурет өзі сөйлесін,

Қызықтаймыз көріп біз.

Шәкірттердің еңбегін

Бағалайтын сіздерсіз.

Құрметті қонақтар! Осы көрмелерді ұйымдастырған  мектебіміздің  өнерлі  жастары деп мақтанышпен айта аламыз.

1-жүргізуші: Жеті жұрттың тілін біл,

Жеті жұрттың қамын же.

Өзге тілдің  бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте ! – демекші көріністеріміз орыс және ағылшын тілдерінде қойылады. Сіздер осы үзінділерді жырдың қай жерінен келтірілгенін айтып бересіздер. (Көріністер Төлегеннің Сырлыбайға  сәлем беру сәтінен, Жібек мен Төлегеннің  кездесу  сәтінен және Жібектің Хоренді алдап, Сансызбаймен кету сәттерінен қойылды).

2-жүргізуші: Халқымның өнер сүйген  ұланымыз,

 Шырақтасын көгімде  жыр- әніміз.

Қалықтата шырқалған  операға

Ең алғаш арқау болған осы аңыз .

1-оқушы: Ұлы жазушы , драматург Ғ.Мүсірепов ғажайып ғашықтық  хикаясының  желісімен  ұлттық драматургиямызға Жібек бейнесін әкелді . Ықылым заманнан жеткен халық қазынасын  шебер пайдаланып, тамаша либретто жазды. Либретто ұлтымыздың  тұңғыш  операсына  арқау  болған еді. Қазақтың аса бай  ән- жырының  алтын қорынан компазитор Евгений Брусиловский жасаған тамаша  туынды  тұңғыш рет 1934 жылы көрермен  назарына  ұсынылды .

 «Қыз Жібек» операсы - әлемдік сахнаға мақтанышпен  шығарарлық, ұлттық нақышпен өрнектелген шығарма. Ен қиялындағы  Жібек бейнесін операда ең алғаш қазақ бұлбұлы Күләш Бәйсейітова сомдады. Төлеген рөлін Қанабек  Бәйсейітов орындаған.

   «Шығарманың авторы мен де емес , Е.Брусиловский де емес, қазақ халқы. Біз бар болғаны халық тудырған даналықты өңдеуші ғанамыз» деген Ғ. Мүсірепов.

1-    жүргізуші: Құрметтейтін іргелі ел,

Кино - өмір , бұл да өнер,

Өткен ерлер елім деп.

Ғашықтар да елжіреп .

2-жүргізуші: Киноны адам бағалар

Өнердегі  өмір деп.

Келешекке  өткеннен

Қалған мына мұра деп.

2-оқушы: «Қыз Жібек» кинофильмі жайлы айтатын болсақ .

 Тарих айнасындай  айшықты туынды киногерлерлердің  назарын да  аудармай қойған жоқ. Кинорежисер Сұлтан Қожықов 1971 жылы талай ұрпақты тамсандырған «Қыз Жібек» фильмін түсірді.

Екі сериялы , түрлі- түсті және  кең экранды фильм - өзінің мазмұны мен көркемдік  дәрежесі жағынан аса құнды кино. Бұл фиьмде Қыз Жібек заманынаң әлеуметтік  сипаты баяндалады . Сол тұстағы қазақтардың жікке бөлінуі , ру араздығы және мұндай қауым  берекесіздігін  жаулардың пайдаланып, халыққа көп азап шектіргені  көрініс табады. Төлеген мен Жібектің кіршіксіз махаббаты дүниенің ешбір байлығына айырбасталмайтын адал жүректі сезімдері, қолұстасқан екі жастың арман- мүддесін қалтқысыз бейнелейді. Әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің  өлімі, Жібектің қайғылы тағдыры  талай жанарларға жас үйірілтпей қоймады.

 Жібек рөлінде ойнаған Меруерт Өтекешова айтады: «Алғаш рет «Лениншіл жас» газетінде «Қыз Жібекті кім ойнау керек?» деген мақала шыққан кезде  мен оныншы сыныпта оқитынмын. Анаммен ақылдасып, мен де бағымды сынап көруге бел будым. Қазақтың небір әдемі сұлу , өнерлі  қыздары сынға түсті. 400- ден астам қыздар қатысқан іріктеу 3 айға созылды. Бағым жанып, рөлде мен ойнайтын болдым. Әрине мектепті  енді ғана бітірген маған мықты тарландармен киноға түсу қиын болды. Бірақ мені қазақтың Қыз Жібегінің рухы өзі қолдап шықты.

 Төлеген рөлінде – Құман Тастанбеков : «Мен дала қазағы , жылқышының  баласы болдым. Сәйгүліктің құлағында ойнап өстім. Бұл рөл маған Өнер институтының 3-курсында оқып жүргенімде  берілді. Сол бір Төлегеннің Жібекке деген шынайы сезімі  мені Меруертке шын ғашық етті» дейді.

Бұл фильм қазақтың  ұлттық ерекшеліктерін , мәдениетін, салт- дәстүрін әлемге паш етті. Мұндағы халықтың  жанын тебірентіп , көңілін әулеткен рухани  дүниелерді жасаған компазитор  Нұрғиса Тілендиев, бас суретші  Гүлфайруз  Ысмайылованың еңбектері орасан зор . Осы фильмнен үзінді тамашалайық. 

1-жүргізуші: Бұл жыр неліктен Қыз Жібектің атымен  аталды деп ойлайсыңдар?Сен жырды қалай аяқтаған болар едің ?

Сұрақтар бойынша балалар өз ойларын ортаға салады.

2-жүргізуші: Ел мұңы, өмір қыры , халық сыры

Басылған таңба болып жырда осы.

Бес  ғасырдай уақытты өткізсе де,

Ұмтылмады халқымның эпос жыры.

1-    жүргізуші: Қазағым ән мен жырды жаттаған ел,

Әдеп- ғұрпын, салт- дәстүрін сақтаған ел.

Ел тірегі – білімді ұрпақтары,

Болашақтың үмітін ақтаған ел.

2-    жүргізуші: Кітап- өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. «Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген Серке Қожамқұловтың сөзімен бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                   Аңыздан туған қыз

(Ккңес Одағының батыры Әлия Молдағалиованың 85 жасқа толуына арналған музыкалық деректі көрініс)

Сахна жабық . Проектор қосылған (Әлияның суреті).

Айғаным : (Сахнада Айғаным ұялы телефонмен, әдемі етік киген.)

-         Алло ! Сенбісің ? Сәлем !  Иә, фотосуреттеріңді алдым, өзімдікін  ММС- пен жіберемін ! Кездескенше!

Кімнің суреті екен? Әлия Молдағұлова – Кеңес Одағының  батыры , 1924 жылы  туып, 1944 жылы қайтыс болыпты. Жиырма жыл ғана өмір сүріпті, қандай жас, қандай әдемі. Кітапты алып оның өмірбаяны туралы оқып шығайыншы.

                      1-көрініс «Ауыл»

Қараңғы түскен , сахнада киіз үйдің көрінісі, паравоз дауысы, бақташының ысқырығы, иттің үргені, сиырдың мөңірегені. Әжесі сахнаға самаурын ұстап шығады.

Әубәкір: Амансыз ба, апа! Қалыңыз қалай ? Аман- есенсіздер ме ?

-         Денің сау ма, құлыным ! Қайдан жүрсің , тиыштық па, әйтеуір? Үй-іші аман ба?

-         Бәрі дұрыс, апа . Барлығы да жақсы!

-         Шүкір, Алла ! Аман болсаңдар болды. Жалғыз жүрсің бе ? Не жаңалықтарың  бар?

-         Жаңалықтарымыз жақсы, апа. Мені партия қызыметімен Алматыға жібергелі тұр , бәрі ойдағыдай болса мүмкін Ленинград қаласына да жіберер. Қызметім ілгері жылжып барады ,апа! Құдай қаласа , балаң үлкен адам болады!

-         Дұрыс болған екен , жарады , ал келінжан қалай ? Қызым не боратып жүр?

 Келінжан сізге сәлемдемесін  беріп жіберді, Сапура қызыңыз мектепке дайындалып жүр, бірінші сыныпқа барады ғой. Апа айтпақшы, Әлия жиенім көрінбейді ғой, қайда жүр ?

-         Өзенге суға шомылуға кеткен .

-         Сапура биыл мектепке барады, Әлия екеуінің жастары бір, оған да оқу керек , мен оны алып кетейін, мектепке Сапурамен бірге барады, саған да оңайырақ болады.

-         Оның жөн, балам, сөйтсең сөйтерсің, саған аманат еттім. Әне өзі де келіп қалды . Әлия ! Қайда жүрсің , нағашыңа сәлем бер!

  (Әлия көңілді болып кіреді.)

-         Сәлеметсіз бе, Әубәкір нағашы, денсаулығыңыз қалай?!

-         Жақсы, жаным, қайда болдың?!                                            

-         Қобда өзеніне барып қаздармен шомылып келдім.

-         Әлия , жинал , жол  жүреміз, сен енді бізбен  Алматыда тұрасың , саған оқу керек.  Сапурамен бірге бір мектепте оқисың, бір- біріңе тірек боласыңдар !

-         Қалай кетемін !? Әжемді тастамаймын, әжетай, мен бармаймын, барғым  келмейді . Мен өскесін саған көмектесуім керек, жаныңда болып сені емдеймін.

-         Мені емдеу үшін  мектепке барып, бітірген соң дәрігерлікті оқисың . Дәрігер болып шығасың.

-         Әжетай ! Мені міндетті түрде дәрігерлікті  оқып аламын да, ауылға оралып, жерлестерімді және сені емдеймін , әжетайым! Жыламашы , мен саған хат жазып тұрамын, сау бол, әжешім!

(Темір жол және паровоз дауысының фонограмасы.)

-         Менің Отаным , қандай кереметсің? Кең жайылған далаң , мөп-мөлдір өзен – көлдердің, көкке самғаған биік тауларың! Ал гүлдер қандай тамаша! Бәйшешек, қызғалдақтар, раушан гүлі , неткен керемет! Құлпырған байтақ жерім!

(Сахнаның негізгісі ашылады. Би орындалады.)

             2-көрініс «Алматыда»

(Сапура күйтабақты, Әлия айнаны алып шығады.)

-         Әлия, не істеп жатырсың?

-         Әжеме хат жазып отырмын.

-         Не туралы?

-         Екі жыл өткені туралы, мен Алматыны өте жақсы көретінім туралы жазып отырмын.

-         Әлия , білесің бе, ағаны Ленинградқа ауыстырғалы тұр. Енді біз Нева өзенінде орналасқан қалада тұрамыз! Ойлап көрші, ондай қалада өмір сүрген неткен  бақыт  десеңші ! Әрбір тасы азаматтық соғыс туралы  айтып тұратын тарихи қала.

-         Ескерткіштер , театрлар, мұражайлар, үлкен сарайлары қаншама!

-         Өзені үлкен қала шығар. Қобдада шомылып жүргеніміз есіме түсіп кетті, қандай тамаша кез еді!

-         (Күйтабақ пен айнаны қайтабан алып кетеді.)

                            3-көрініс «Ленинград»

(Қоңырау естіледі, бұзык бала Саура мен Әлияны жібермей тұрады. Үлкендеу қыздар ойнайды.)

Петров: Мен сендерді бұрын- соңды көрген емеспін, қай жақтан келгенсіңдер ?

Әлия: Мен Ақтөбеде туғанмын , ал Алматыда оқыдым, енді міне Ленинградқа келдік, осында оқитын боламыз.

Петров: Қазақстан ! Онда жылы болады! Алматы жасыл қала ғой!

Әлия: Иә, ол өте әсем қала, ал мынау біздің апорт деген алмамыз! Жеңіздер , мұнда барлығыңа да жетеді.

Петров: Рахмет, сараң емес екенсің!

Әлия : Сыныптастарым үшін аяйтын ештеңе де жоқ.

Петров: Атың кім ?

Алия: Менің атым Әлия!

Петров: Біз сені Лия деп атаймыз!

(Таня мен Саша жүгіріп келеді.)

Таня мен Саша : Біз пионер бөлмесінде вожатыйлармен сөйлесіп отырдық.

Петров: Иә, онда не тұр!

Таня мен Саша: Демалыста пионер лагеріне демалуға  баратынымыз  туралы айтты.

Петров: Ура !Жазғы  демалыс! Орман ішінде тұрамыз!

Алия: Ал онда өзен бар ма ?

Петров: Әрине ! Вожатыйларға барайық тезірек !

(Барлығы кетеді, жарық өшіріледі, от жанып тұрады, «Взьвейтесь кострами, синие ночи» әні орындалады.)

                  4-көрініс «У костра»

Сапура : Ойбай! Айнала ну орман ғой – түнде орманда қорқынышты, онда орман перілері бар!

Петров: Қыздар неге қорқақ болып туады екен!

Әлия : Неге , мен қорықпаймын, қазір мен орман ішіне барамын !

Сапура: Керегі не , адасып кетсең не істейсің?!

Әлия: Мен орманды  жағалап қана өтемін, бір сәтке ғана.

(Кетеді , балалар «Взьвейтесь кострами синие ночи» әнін айтып отырады, вожатый шамамен кіріпкеледі.)

 

                                                                                                   

 Вожатый: Лияны көрмедіңдер ме? Лия жоғалып кетті...

Барлығы: Лия ,Лия! (Әлия мен Петров шығады.)

Петров: Лия, қорқынышты болды ма?

Әлия: Басында шамалы ғана, кейін қатты қорқып кеттім, бұтақтар көйлегіме оралған кезде . Бірақ ол перілер емес, бұтақ қана ғой!

Петров: Ал сен батыл екенсің !

Әлия: Барлығы да батыл бола алады ! Тек жаттықтыру керек!

Петров: Әр ұл бала олай істей алмайды !

Әлия: Не ғып тұрмыз , барайық, мен онсыз да тәртіпті бұздым, тәртіп бұзуға болмайды ғой , вожатый енді не дейді екен.

Вожатый: Лияда достары көп болды. Ол кезі келгенде топ жарған бола білетін , оны қыздар да, ұлдра да сыйлады. Ол батыл әрі мейірімді , көңілді әрі жақсы қыз болатын. Менің отрядымда басшы болатын.

     (Мұғалім шығады.)

Мұғалім: Менің атым Мария Антиповна, тегім Голубева. 1938 жылы мен Ленинград қаласындағы 140 мектепке жолдама алғанымда  қатты қобалжып жүрдім.Оқушылар  мені қалай қарсы алады екен? Міне , бірінші сабақ . Сыныпқа кіріп келдім. Бәрі тұрды , ал бұзақы Петров орнында отра берді. Сол кезде Лия қатал дауыспен «Қалай ғана ұялмайсың , ұятың жоқ екен» деді  Петров тұрды.

Лия үздік  оқушылардың бірі болды , тек орыс тілінен қиналатын , бірақ оны да артта қалдырып, таза беске оқыды. Үздік оқу үшін марапаттау қағазы мен чемодан ұсынылды. Ал 1940 жылы балалар үйінің  директоры жақсы оқу мен кішкентайларға көмектескеніне байланысты Лияға Артек лагеріне жолдама берді

   (Кітаптан оқып Айғаным шығады.)

 Айғаным: Соғыс басталған кезде Ленинградты жан-жағынан бомбылап жатты. Балалар үйіне Әубәкір ағасы келді. Оны және оның отбасын эвакуацияға жібергелі жатқаны туралы айтты. Ол Сапура мен Әлияны өзімен

бірге Алматыға алып кеткісі келді.

                         5-көрініс «Соғыс»

(Бомбылар  жарылып жатты . Ағасы Әлияны алып кетуге  келді.)

-Сапура, Әлия жиналыңдар , жол жүреміз , эвакуацияға барамыз.

-Мен ешқайда бармаймын.Ол менің де туған қалам. Біз осында келгенде , Ленинград бізді кең құшағын жая қарсы алды. Осында тұрып, көп нәрсеге үйрендік! Ал енді қаламыз осындай қиын жағыдайға душар болғанда біз қалай кетеміз ? Жоқ, мен қай кезде де Отанымды қорғауға дайынмын , қолыма қару ұстап, керек болса жаудың алдынан  да шығамын.

Сапура: Қымбаттым менің! Барайықшы бірге , Ленинградты бомбылап жатыр, айналамызда адамдар қайтып жатыр.

Әлия: Міне сондықтан, ленинградтық балалардың қайтып жатқанын көргесін , достарымның  қанын көргесін мен ешқайда бармаймын. Өз қаламды қорғауға шығамын!

Вожатый: Ленинград ол үшін туған қаласындай болды, ондабірге оқыған жолдастары мен ұстаздары, достары мен құрбылары болды. Лия басқа жастармен бірге өртеніп жатқан үйлерді  сөндіруге көмектесіп,көшелерді тазартып жүрді. Ржевкаға шығатын қорғану окоптарын қазысты және Ленинградтың қорғаушысы ретінде өзін сезінеді . Ал суық қыс түскен кезде , су құбыры жұмыс істеуін  қойған кезде , құрбыларымен Нева өзеніне суға барып жүрді. Ағаш үйлерді отынға бұзды .

   (Айғаным кітаппен шығып оқиды . Әлияның құрбысы Дошаны есіне алады.)

-1941 жылғы қыркүйек айында 140 мектеп шәкірттеріне есік ашқан жоқ , оны госпиталь ретінде дайындады. Біз еденді , терезелерді жуып, емхана керуеттерін кіргіздік , жараланғандар үшін  үй- үйлерді аралап көркем әдебиеттерді жинап жүрдік, госпитальда концерт қойып жүрдік, жараланғандарға хат жазуға көмектестік.

Лия белсенділердің бірі болып қатысты. Ол Ленинградтан кеткісі келмеді. Бірақ эвикуацияға түсуге тура келді. 1942 жылы балалар үйі қоршауда тұрған қаладан балаларды шығару бұйрығы келді. Кетер алдында ешкімнің де ұйқысы келмеді , сөзден сөз құрып мына бір өлең жолдары сол түні туған.

(Айғаным кітаптан оқиды.)

Айғаным: Балалар үйі Ярославль облысы Некрасов ауданы Вятское селосында орналасқан .Ол жерде Әлия  Рибнский авиатехникумына  оқуға түсті. Үш ай оқып шықты. Бірақ соғысқа кету оның ойынан кетпеді.

(Әлияның есейген кезі.)

Әлия: «Соғысқа!Соғысқа қалай кетсем екен??

Бүгіннен қалмай военкоматқа барамын! Ал жоқ десе? Бірақ мен тылда отырғым келмейді! Жоқ, военкоматқа қазір барамын!»

(Надя соғысқа аттанар арызын ұстап тұр.)

Сәлеметсің бе, атың кім  болады ?

-Надя.

- Ал  мен Әлиямын.

-  Сен соғысқа барғалы тұрсың ба?

- Барғым келеді, кім бірінші болып кіреді?

- Бірге кірсек қайтеді?

- Кірейік.

(Айғаным кітаппен шығады.)

-         Оларды мергендер мектебіне жібереді. Екеуін де төртінші ротаға кіргізеді. Он сегіз жасар Әлия Молдағұлова үшін әскердегі қызмет осылай басталды. Бәрімен қатар жүруге қиындау болса да  қоршауда болған қыс әсер етті,Әлия мойымады, үлкен төзімділік қажет екенін білді . Ол дайындалды.

  Әлияның  Сапуарға хаты.

Амансың ба , қымбатты Сапура! Өзіңе қымбат адамдардан хат алған қандай қуаныш екенін білсең ғой! Кешегі күні ағамнан хат  алдым , сол хатымда ол маған сенің мекен-жайыңды жазып жіберді. Неден бастайтынымды да білмеймін , қуанышым ішіме сыймай бара жатыр, хатым мәнді болмай қала ма деп ойлап тұрмын. Сапура , хатымды алғаннан кейін бір сәт қалдырмай маған хатыңды жаз. Жағыдайың қалай , денсаулығың, кім болып істейсің ,  жалпы барлығы туралы жаз. Ауылдан не хабар бар , әжемнің халі қалай? Оған жазатын  болсаң , менен үлкен сәлем айт, мен оны қатты сағындым.

Өзім туралы қысқаша ғана жазайын. 1942 жылғы наурыз айында біздің балалар үйімізді Ярославль облысының деревнясына  эвакуациялады. Мен сол жерде үш ай  оқыдым да соғысқа аттануға арыз жаздым. Мені мергендер  мектебіне  жіберді , сол жерде қазір де оқып жүрмін . Соғысқа жіберетін шығар.

    Толығырақ сосын жазамын , фотосуретімді  жіберемін , мен онда қатал болып көрінемін. Сау бол , жазуды ұмытпа ! Бетіңнен сүйдім, Лия .

    (Үшбұрыштан бүктеп қояды . «Лизаветта» өлеңі айтылады.)

-         Қайдасыңдар , менің аяулы құрбыларым , жолдастарым ? Соқыс сендерді  қайда жіберді екен ?

(Солдат киімін киген Надя жүгіріп келеді .)

-         Лия , не болды, мұңайып тұрсың ғой?

-         Ленинградтық  достарым есіме түсті , біреулері аштықтан кетті, біреулер атысқа түсіп, бомбылаған кезде қаза тапты. Не шүін? Адамдар не үшін өліп жатыр? Осы құрған соғыс қашан аяқталады екен?

Надя: Лия , өлеңдерді оқып берші.

(Жамбыл өлеңін оқып тұрады. Командир келеді.)

-         Бұл кімнің өлеңдері ?

-         Жамбыл Жабаевтікі , ол да қазақ , оның баласы да соғысқа аттанған. Ол қазақтың ұлы ақыны! Оның сөз күші Ленинградта  қоршауда болған  кезде  тірі  қалуға дем берген , Жеңіс біздікі болатынына сендік . Мен жолдастарым үшін, өрт астында қалған қалалар үшін, жоғалған жастық шақ үшін фашистерден өшімді аламын. Менің Қазақстаным , ленинградтықтар білсін : мен бәрібір жауынгер боламын!

-          Ендеше ойлаған мақсатыңа  жеттім дей бер , ертең соғысқа аттану туралы айтайын деп келдім. Дегеніңе жеттің , қызым,  бірақ мен қолдамаймын ! Әйелдер ісі емес – соғысу деген!

-         Сіз неге  мұңаясыз , қуану керек емес пе! Мен үшін ең қымбат Отанымды қорғауға барамын,қане көңілдірек. (Әлия частушкаларды айтады.)

 Наварили кулешу-

Получилась каша.

Сколько Гитлер ни воюет,

А победа наша!

Надя  қостайды :

Скоро Гитлеру могила,

Скоро Гитлеру капут!

Куда руки , куда ноги,

Наши пули разнесут!

(Қыздар жүгіріп келіп Әлияны құттықтайды , шығарып салады.)

-         Жарады Әлия , өз дегеніне жетті ақыры, мен аттанғым келеді!

«Прощание славянки» әні орындалады.

Комбат кіреді.

-         Ефрейтор Молдағұлова, бері кел!

-         Құп болады!

-         Жарайсың , Әлия ! Көңіл  көтеруді де билеуді де, өлең оқуды да біледі , ал соғысқанда қалай ! Бүгін 7 фрицті өлтірді ! Жаудың көзін құртқаны үшін алғыс жария лаймыз!

(Әлияның қолын қысады.)

-         Кеңес Одағына қызмет етемін ! (Қыздар жүгіріп келіп құттықтайды .)

-         Ал қазір демал, біз саған үш күндік демалыс  береміз.

-         Алдыңғы қатарда болуға рұқсат етіңіз . Соғыс біткесін демаламын!

-          Ал жарайды , рұқсат  етемін ! Әлияға арнап мен бір ән шырқап жіберейін .

«Три танкиста» әні орындалады.

-         Жолдастар , бүгін шабуылға шығамыз. Біздің 54 бөлек атқыш бригадасының алдында Насва  станциясы ауданына қарай жау  шебінісін бұзу және Ягодкино –Федорухново маңайындағы темір жолын алу  мақсаты қойылған , келесі тұрғын жерлерін жаулап алу: захватить следующие населенные пункты: Щенайлово, Волгино , Воево и Казачиха.Жауынгер жолдастар , жоғарыда аталған  деревнялар фашистермен қоршауда тұр.Шайқасымыз ауыр болады. Бәріне де дайын болыңдар.

(Кетеді. Бомбылар жарылып, автоматтар атылады.)

-         «Отан үшін ! Ура ! За Родину!».

(Жалғас атылыс.Жарық өшіріледі.)

 

Комбат: Жауынгер жолдастар,достар ! Бүгін теміржол алаңын алу шабуылында, қатыгез шайқаста  мерген Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты. Немістер қатты оқ ашқан кезде ол туған тілінде «Отан үшін» деген ұранмен  алға шықты. Ол жауынгерлердің  рухын көтеріп , жау шебінісіне бірінші болып кірді. Жасаған ерлігі  үшін Лия Кеңес Одағының батыры атағын қайтыс болғаннан кейін иеленді.

Надя: Сәлеметсіз бе , Сапура !

 Сізге хат жазыпотырған бейтаныс Надежда Матвеева . Лия менің ең жақын досым болатын. Лияның жоқ екені туралы ойлағым да келмейді . Ол қатты жарақат алып өмірден өтті. Мен осы уақытқа дейін жанында болдым .Ол сізге хабар жіберілсін деп айтқан, сол тілегін мен орындап отырмын. Лияның  аты тарихымызға енетін сөзсіз . Иә, мен құрбымды жоғалттым, тек суреті ғана қалды.

   Сау болыңыз . Надя.

(Шам жанады. Айғаным шығады. Слайдтан ескерткіш көрсетіледі.)

-         Мәскеу  қалаысндағы  көшенің бірі Әлия Молдағұлова атында. Ленинградта 140 мектеп Әлия Молдағұлова атын иеленді. Кеңес Одағы кезінде жүрген  Әлияның атымен теплоход аталған. Оған арналған  деректі фильм түсірілді , балет қойылды,кітаптар жазылды. Оның аты бүкіл әлемге жайылды.

( Залға барып құрдасының жаныны отырады.)

-         Керемет қыз! Нағыз аңыз! Бүгін ол 85 жасқа толар еді.Осы кітапты міндетті түрде оқып ал. Біз қаһармандарымыз туралы білуіміз керек! Әлия тек тарих бетінде ғана емес, біздің жүрегімізде де мәңгілік сақталып қалады. Әлия өткен  ғасырдың ғана емес, қазіргі заманның да мақтанышы болып қалады, Отанды, өмірді сүюдің үлгісі.

(Роза Рымбаеваның орындауында «Әлия» әні).

 Қобда, Нева суларын сүйіп өскен .

Әсем гүлін құшаққа жиып өскен .

 Аққу құстың бейне бір баласындай ,

Сұлу сазды жастықтың күйін кешкен.

Әлия – ару қызы сен халқымның ,

Әлия- батыр қызы сен халқымның ,

Ерке құсы сен даламның!

                                                                                                           

           

  

   

Автор: Бидал А.И
Просмотров: 17
Дата создания: 24 января 2012 г.
Дата редактирования: 24 января 2012 г.